Қызылорда облысында тіркелген 104 науқастың жағдайы қанағаттанарлық
Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Әбдісәметов онлайн брифингте облысымызда 10 сәуірге инфекция жұқтырғандар саны 104-ке жеткенін айтты. Соңғы тәулікте 12 жағдай тіркелсе, оның 6-ы Сырдария ауданына, 3-і Шиелі ауданынан, 2 жағдай Қызылорда қаласынан және 1-і Жаңақорған ауданынан тіркеліп отыр. «Олармен қарым-қатынаста болған азаматтар толық бақылауға алынды. Жағдайлары қанағаттанарлық» дейді, – басқарма басшысы.
Аймағымыз тіркелген науқастар саны бойынша республикада 3-орынға шығып отыр. Бұл тұрғындар арасында үрей туғызып отырғанын айтқан басқарма басшысы: «Ешқандай үрей туғызудың қажеті жоқ. Қазіргі таңда денсаулық саласы індетті тұсаулауға барынша күш салып жатыр. Қазір анықталған барлық 104 науқастың жағдайы қанағаттанарлық. Яғни, ерте анықталып отыр» деді басқарма басшысы.