COVID-19: Сырдариядағы екі науқас диагноздарына сенбей, ауруханаға жатудан бас тартқан

Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған науқастар саны 72 адамға жетті. Бүгін соңғы тәулікте жаңадан анықталған 18 жағдайдың мән-жайын облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді.

«Қазіргі таңда Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған 72 жағдай тіркелді. Соңғы тәулікте жаңадан 18 жағдай анықталды. Оның 11 – Шиелі ауданының ауданының тұрғындары. Олар – алдында анықталған науқаспен жақын қарым-қатынаста болғандар. Ал, 6 жағдай – Сырдария, 1 науқас – Арал ауданында анықталып отыр. Сырдария ауданындағы науқастар да осы инфекцияны алдында жұқтырғандармен байланыста болған. Ал, Арал ауданындағы науқас – жолсерік болып еңбек еткен. Ол Түркістан облысындағы қауіпті індетті жұқтырған науқасты «Астана – Қызылорда» бағытындағы пойызда тасымылдаған», – деді Жақсылық Абдусаметов.

Оның айтуынша, облысымыздағы жұқпалы аурулар ауруханасында – 66 адам, правизорлық стационарда – 52, карантинде – 374 адам ем қабылдап жатыр. Барлығының жағдайы қанағаттанарлық.

Ал, Covid-19 індетін жұқтырған өңірдегі 54 науқаспен байланыста болғандардың жалпы саны – 1014. Жақын қарым-қатынаста болғандар саны – 456, потенциалды байланыста болғандар – 558 адамды құрап отыр. Бүгінгі таңда барлығы бақылауға алынып, оқшауланған.

Басқарма басшысы атап өткендей, Қызылорда облысына қауіптілік деңгейі 1 (А) елдерінен 2 адам келген. Барлығы үй жағдайында бақылауға алынып, карантинге жатқызылған.

Сондай-ақ, өңірге қауіптілік деңгейі 1 (Б) елдерінен 119 адам келген. Оның үшеуі – стационарға оқшауланса, 116 – үй карантиніне алынған.

Жақсылық Әбілқасымұлы атап өткендей, бүгін таңертең Сырдария ауданындағы анықталған 3 науқастың екеуі – өздерінде коронавирустық инфекция анықталғанына сенбей, аудандық жұқпалы аурулар ауруханасына жатудан бас тартқан. Тіпті, дәрігерлерге бой бермей, қарсылық танытқан.

«Сырдария ауданындағы 2 науқас өздеріне қойлыған диагнозға сенбей, бізге қарсылық танытып отыр. Аудандық жұқпалы аурулар ауруханасына жатып, ем қабылдаудан бас тартуда. Бұл – біздің жұмысызға кедергі келтіруде. Тұрғындар түсіністік танытпай, біздің жұмысымыздың нәтижесі болмайды. Осыны есте сақтаңыздар», – деді басқарма басшысы.