Байқоңыр қаласында балабақша тәрбиешілері 5 айдан бері жалақы алмаған
Байқоңыр қаласында балабақша тәрбиешілері 5 айдан бері жалақы алмаған
Маңдай термей тапқан жалақыларын ала алмай жүрген тәрбиешілер көмек сұрайды. Байқоңыр қаласында ашылып, бес ай бойы жұмыс істеп келген қазақ тілді балабақша жарты жылға жетпей жабылып қалған. Мекеме құрылтайшысы бәрін былықтырған Қармақшы ауданының әкімдігі дейді. Ал ондағылар балабақша басшылығына сілтеуде. Сонымен, кім кінәлі? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Индира Айтөреева Байқоңырдағы балабақшада ашылғаннан бастап жұмыс істеп келе жатқанын айтады. Тәрбиеші маман шілде айында қаңырап бос тұрған ғимаратты болашақ әріптестерімен жөндеуден өткізген. Содан бері бес ай уақыт өтсе де, еңбегі үшін бір тиын ақша алмапты.

"Қанша мысалыға біз ремонт істедік. Оның ақысы қайда? Ауызбен ана жақта айтып көпіреді-көпіреді, бірақ беріп жатқан ешнәрсесі жоқ. Жастарға жағдай жасасын, айлығымызды аударсын 5-6 айлығымызды. Құрғақ уәдеге тойып біттік қой!", - дейді ол.

Бұл балабақша желтоқсанның 30-ы күні ресми түрде жұмысын тоқтатыпты. Тіпті балаларға арналған жаңа жылдық ертеңгілік де болмаған.

- Саламатсыз ба, апай де.
- Сәлеметсің бе, Жасмин! Ренжімеңіз апай бүгін біз жұмыс жасамаймыз. Өйткені біздің бүгіннен бастап жұмысымыз жабылып жатыр.

Осылайша балабақшаға келген балалар мен ата-аналардың тауы шағылып қайтты. Ресейге жалға берілген жерде онсыз да қазақстандық балабақша саусақпен санарлық. Енді міне, жап жаңа орталық жабылып қалды.

"Садиктің ашылғанына қуанып едік, октябрь айынан бастап келгенбіз. Сонау Ақайға қатынайтын едік, балаларды мінгізіп жіберіп, қиналып күтіп отыратын едік. Енді мына садик жабылады деп, бүгін алып келсек ешқандай апайы жоқ. Апайлары жұмысқа шықпай жатыр дейді, айлықтары төленбей жатыр дейді. Садик жабылса біз қай жаққа барамыз? Городта ешқандай қазақша садик жоқ!", дейді Байқоңыр қаласының тұрғыны Гүлбақыт Артықбаева.

"Балабақшаның алар орны ерекше. Себебі, мұндай үлкен, жақсы қазақстандық орталықтар саусақпен санарлық. Бізде шетелдіктер көп. Орыс балабақшалары. Ал біз өзіміздің мемлекетіміздің қамқорлығындағы мекемеде баламызды бергіміз келеді. Өтініп сұраймыз, көмек көрсетілсе екен", дейді Байқоңыр қаласының тұрғыны Камиля Шиганова.

Мекеме басшылығы бұл жайтқа Қармақшы аудандық әкімдігі кінәлі дегенді алға тартады. Себебі бастапқыда "балабақша ашыңдар, қаржылай көмек береміз" деген шенділер жеке кәсіпкерлердің конкурсқа қатыстырыпты.

МАРАЛ КЕТЕБАЙ, БАЛАБАҚША ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ:

"Үш мәрте конкурсқа салды. Екі мәрте салды біз қатысқанымыз жоқ. Өйткені үкімет тарапынан әрі қарай да бізге қаншалықты қаржы бөледі, қарайды деп біз күмәндандық. Одан кейін ол кісілер біздерді қайта шақырып, үшінші рет конкурсқа салып жатырмыз, сіздерге "Балапан" бағдарламасымен қаржы қаралады, субсидия беріледі, сіздер осы конкурсқа қатысып, мына ғимаратты қазақша балабақшасын қосуға мүмкіндік жасап беріңіздер деді".

Қармақшы аудандың білім бөлімінің мамандары балабақша басшылығына қыркүйек айынан бала қабылдай бастағаннан кейін, "Балапан" бағдарламасы аясында қаражат бөлетіндерін алдын ала айтқан екен. Тіпті конкурсқа қатысуға шақырыпты. Алайда уақытылы құжаттарын әзірлеп, дер кезінде өткізбеген мекеме басшылығы енді бар кінәні әкімдікке артып отыр, дейді.

БАҚЫТГҮЛ ӘБІЛДАЕВА, ҚАРМАҚШЫ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ ЭКОНОМИСТ МАМАНЫ:

"Қаулы шықпады біріншіден, екіншіден сессияның материалымен қаулы шықпағандықтан ақша бөлінбейді ғой, сессия болады содан кейін барып жұмыстар жүргізіледі. Сол себепті кешегі бір-ақ айына нақты 12 күніне 96 балаға 2 млн 34 мың 720 теңге аударып бердік".

Әкімқаралардың ауызша уәделеріне сенген балабақша басшылығы енді жұмысшыларының осыған дейінгі 4 айының жалақысын қайдан тауып беретінін білмей дал. Қармақшы ауданы әкімдігінің жеткізген ақпаратына сүйенсек, келер жылға қаржыландыру жоспарлы тұрде шешіліп қойған. Ал осыған дейінгі қызметкерлер алдындағы қарызға балабақша басшылығы жауапты болып қалды. Жөндеудің өзіне 46 миллион теңге жұмсаған кәсіпкер бұл әділ шешім емес деп қарсылық білдіруде. Енді ол елордаға барып әділдік іздемек.
Просмотров материала: 0